Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектенов қабылдап, биылғы қаңтар–маусым айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын тыңдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында премьер-министр бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,1 пайызға өскенін баяндады.
Ақорданың мәліметінше, осы кезеңде өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, құрылыс көлемі 15,2 пайызға артқан. Сондай-ақ сауда саласында 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелген.
Бектенов негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгеге жеткенін, ал жеке инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 21,4 пайызға көбейгенін айтты.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл өңдеу секторында жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар ірі автожолдардың құрылысы, Астанадағы екінші әуежай жобасы және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңі бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінген.
Кездесуде маусым айындағы жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайыз болғаны да айтылды. Бұдан бөлек, премьер-министр Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Ақорданың мәліметінше, әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде Үкімет жыл сайын 800 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуді жоспарлап отыр.