"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде тараған мәліметтерге байланысты ресми мәлімдеме жасады. Кәсіпорын өкілдерінің хабарлауынша, "ЖЖФЗ" ЖШС Жамбыл филиалы – "Фосфор зауыты" "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің құрылымына мүлдем кірмейді.
Компания таратқан ақпаратта корпорацияның аталған зауыттың ішкі жұмысына, оны тікелей басқару процестеріне, кадрлық саясат пен шешімдерге, сондай-ақ зауыт қызметкерлеріне қатысты орын алған кез келген оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ екені нақтыланған.
"Аталған кәсіпорынның қызметін "Қазақмыс" Тобына байланыстыратын ақпаратты тарату шындыққа жанаспайды", – деп атап өтті корпорацияның баспасөз қызметі.
Осыған байланысты, компания өкілдері қоғамды және БАҚ мамандарын тек ресми әрі тексерілген мәліметтерге ғана сенуге шақырады.
Оқи отырыңыз: "Қазақмыс" қызметкерлердің балалары үшін жазғы демалыс маусымын ашты