Елдегі бас концерттік ұйымға КСРО және Қазақстанның халық әртісі, халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді. Қазақконцерттің атауы ҚР үкіметінің 2021 жылдың 17 тамызындағы "Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларының кейбір мәселелері туралы" №564 қаулысына сәйкес ауысты.
"Қазақконцерт тарапынан ұйымға Роза Бағланованың есімін беру мәселесін қарастыру жөнінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атына хат жолданған болатын. Бұл игі бастаманы халық әртістері, Қазақконцерт құрамында өнер көрсетіп жүрген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет үздіктері мен жас таланттар бірден қолдады. Олардың қатарында – Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұрат Құсайынов, Ақжол Мейірбеков, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Айман Мусахаджаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Самединова, Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Ерлан Рысқали, Медет Чотабаев, Әміре және басқа орындаушылар бар. Аталған шара Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білеміз", – деді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Өткен концерттік маусымда өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақконцерттің тарихына үңілсек, Роза Бағланова бұл ұйымда 1960 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін жемісті еңбек еткен. Қазақконцерттің негізін қалаушылардың бірі, ұйымның әншісі болып қазақтың ән өнерін дамытуға өлшеусіз зор үлес қосты.
"Көзі тірісінде аты аңызға айналған Роза Тәжібайқызы майдан даласында ән салып, әсем даусымен бүкіл әлемді тамсандырды. Бар ғұмырын халқына арнаған Роза Бағланова бойындағы талантымен қазақ өнерінің ұлылығын паш етіп, еліміздің рухани байлығын асқақтата түсті", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Алматыда Мұқағали Мақатаевқа арналған мурал салынды. Картинаны салуға 5 күн уақыт кеткен.