Тікелей эфир

"Қазақ тілі" қоғамының президенті: Қазақша білетіндер көп, бірақ олардың еркін сөйлеуге қауқары жоқ

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, оқушылардың 64 пайызы қазақ тілінде оқыған мәтінін түсінбейді.

"Қазақ тілі" қоғамы" қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы "ҚазАқпарат" агенттігіне берген сұхбатында қазақстандықтардың қазақ тілін меңгеру деңгейі туралы айтты. 

Оның сөзінше, қазір оқушылардың 75 пайызы мектепті қазақ тілінде тәмамдап жатыр. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің төрттен үші қазақ тілінде білім алады. 

"Бірақ, біз үшін маңыздысы – осы 75% мектеп оқушысы не болмаса ертең қазақша сөйлеуі тиіс 84% азаматтың қазақ тілін қаншалықты жетік білетіні, қазақ тілінде еркін сөйлеуі және сауатты жаза алуы. Менің ойымша, біз осыған ден қоюымыз керек. Қазір жалпы қазақша білемін дейтін адам көп. Бірақ, олардың басым көпшілігінің қазақша сауатты жазуға, қазақ тілінде мазмұн құрастыруға, қазақ тілінде маман ретінде еркін сөйлеуге қауқары жоқ", – деді Рауан Кенжеханұлы.


Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама


Оның сөзінше, мектеп оқушыларының білім сапасын тексеретін PISA деп аталатын халықаралық зерттеу жүйесі бар. Соның бір бағыты оқушылардың оқу сауатын өлшейді. 

"Қазақ мектебіндегі оқушылардың 64 пайызы өз тілінде, яғни, қазақ тілінде оқитын балалар, қазақ тілінде оқыған мәтінін түсінбейді, оқыған дүниесінің негізінде ой қорытып, не ауызша, не жазбаша жеткізе алмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан бізге дәл қазір өзге тілде сөйлейтін ортаны қазақ тіліне тартудан да маңыздысы – қазақ тілінде сөйлейтін ортаның сөйлеу және жазу мәдениетінің сапасын көтеру. .... Бізді мазалайтыны және ойландыратыны – қазіргі қазақ қоғамында өз тілінде шығармашылықпен, ғылыммен айналысатын, әдемі, еркін және сауатты сөйлейтін ортаның барған сайын тарылып бара жатқандығы. Менің ойымша, біз осыған мән беруіміз керек", – деді Рауан Кенжеханұлы.

Серіктестер жаңалықтары