Қазақстандық суретші Владимир Гвоздевтің "Гвоздев + Шеге" атты көрмесі Almaty Gallery қабырғасына қойылды. Танымал суретші он жылдан кейін оңтүстік астанаға жұмыстарын таныстырды.
Almaty Gallery директоры, өнертанушы Наргиз Алибтің сөзінше автордың қайталанбас қолтаңбасы бар.
"Суретшінің жұмыстарынан халқымыздың ерекше салт-дәстүрлері, қайталанбас табиғаты, таулар мен дала-біздің көшпенді ата-бабаларымыздың бай рухани-мәдени мұрасы көрініс тапқан", – дейді өнертанушы.
Ресейдің Свердловский облысының тумасы Владимир Гвоздев елу жылдан астам уақыт бойы Алматыда тұрған. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сурет факультетінде оқып, "интерьер дизайны" мамандығын алып шықты.
Он жылдан астам уақыт бұрын Мәскеуге көшкен, алайда өзін әлі күнге дейін қазақстандық суретші деп атайды. Өйткені қазақ даласында өзіндік стилі қалыптасты. Суретші қазақ халқының қолөнерін, оюларын жіті зерттеген.
Өз туындыларында суретші көшпенді халықтарға тән дәстүрлерді бейнелейді. Тамыры көне түркіден бастау алатын белгілер де картиналардан табылады.
"Осылайша өз картиналарымда қазақтың таңбаларын түркі тамырынан тарта отырып қолдандым", – дейді Владимир Гвоздев.
Владимир Шеге маймен тоқылған дәстүрлі қазақ көрпесін, кілемі мен жастығын бейнелеуімен танылды. Ол кисточкалармен емес, палитра пышағымен жұмыс істейді.
"Бояуды қою етіп жағамын, өйткені бояу картинаға барқыт тәрізді түсуі тиіс, кілем тектес болғаны жөн. Бұны көріп қана қоймай, ұстап көруге, сезінуге болады", – дейді ол.
Владимир Гвоздев осы сапарында Алматыда біраз уақыт болуды жоспарлап отыр. Өйткені, форматы ауқымды жұмыстар жазбақ. Көрмеге Мәскеуден көлемі үлкен картиналар әкелмек болған, алайда кеден бекетінен өтпей қалған. Сол кезде Алматыда да ірі картиналар салуға бекінген.
"Алматы – менің Отаным. Осы жерден шабыт аламын. Ресей – тарихи Отаным болса, Алматы, Қазақстан – менің туған жерім, Отаным. Шын жүректен осыны айтқым келеді. Менталдық тұрғыда мен шығыс адамымын. Ресейдегі орыстарға қарасам, олар Қазақстанда тұратын орыстарға қарағанда мүлдем өзгеше. Біз – бүкіл жан-дүниемізбен шығыстың адамымыз", – дейді ол.
Владимир Шегенің сөзінше, шығыс халқының менталитеті адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасынан көрінеді. Мәскеуде көршілер де бір-бірімен амандаспайды. "
Біз көшеде кетіп бара жатқанда біреумен көзіміз түйісіп қалғанда бас изеп болса да амандасамыз", – дейді Владимир.