Алматы прокуратурасы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның иелігінде болған "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-нің активтерін мемлекетке қайтарды. Құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған нысанның жекешелендірілуі заңсыз деп танылды.
Прокуратура мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің 100 пайыздық үлесі мен оған тиесілі жылжымайтын мүлік активтері заңсыз түрде жеке заңды тұлғаның иелігіне өткен. Әңгіме Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан, жер телімімен қоса ауданы 2 108,3 шаршы метр болатын ғимарат туралы болып отыр.
"Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Әуезов аудандық прокуратурасы жекешелендіру шартын және кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берген. Нәтижесінде кассациялық сот прокуратураның талабын толық көлемде қанағаттандырды. Осылайша құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған актив мемлекетке қайтарылатын болды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының кезінде жекешелендірілген бірқатар нысанның мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын хабарлаған еді.
Еске салсақ, 2022 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталып, оған бюджет қаражатын жымқыруға қатысты бірнеше эпизод бойынша айып тағылған болатын. Тергеу материалдары «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны цифрландыру жобаларына бөлінген қаражатқа байланысты болған.