Абай облысының Жарма ауданында кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған өгей әкесі 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 24 шілдеде Жарма ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандармен кездесу өткізіп, жеке қауіпсіздік, балалардың құқықтарын қорғау және құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Іс-шарадан кейін аудан прокуратурасына кәмелетке толмаған қыз арызбен жүгініп, өгей әкесінің өзіне бірнеше рет құқыққа қайшы әрекеттер жасағанын айтқан.
Қыздың сөзінше, ол құқық қорғау органдарына көмек сұрап жүгінуге болатынын дәл осы түсіндіру жұмыстары кезінде білген.
Прокуратура тапсырмасымен дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жан-жақты және объективті тергеу жүргізілген.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде ақыл есінің кемістігі бар 17 жастағы қыз ұзақ жылдар бойы зорлықтың құрбаны болған
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кәмелетке толмағанның өгей әкесі 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.
Прокуратура азаматтарды балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға және құқық қорғау органдарынан көмек сұраудан қорықпауға шақырды.