Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысына Қордың биылғы бес айдағы жұмыс қорытындылары және орта мерзімді кезеңге арналған даму жоспары туралы есеп берілді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қор басқаруындағы активтер 88 миллиард долларды құраған. Қазіргі уақытта ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Мәселен, биыл жалпы құны 3,3 триллион теңгені құрайтын 16 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, гибридті электр станциясын салу, сондай-ақ Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу сияқты стратегиялық бастамалар бар. Бұл жобалар еліміздің көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей септігін тигізбек.
Мұнымен қоса, кездесуде Қордың әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Ұлттық қор жобалары аясында жылына шамамен 1 миллион қазақстандыққа қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы алғанда, 2023-2026 жылдар аралығында 856 миллиард теңгеге 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар "Таза Қазақстан" жалпыхалықтық экологиялық акциясы шеңберінде ел аумағында 5 миллион көшет егу көзделіп отыр. Айта кету керек, бұған дейін 2024-2025 жылдары 5,8 миллион ағаш отырғызылған болатын.
Оқи отырыңыз: Тоқаев бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасын қабылдады
Қор басшысы еліміздің цифрлық әлеуетін арттыратын маңызды жаңалықпен де бөлісті. Оның айтуынша, биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланған. Жаңа кластер жұмыс істей бастаған соң "Қазақтелеком" портфелдік компаниясындағы суперкомпьютер қуаты төрт есе артады. Бұл отандық жасанды интеллект, деректерді өңдеу және өнімі жоғары есептеуіш саласындағы мүмкіндіктерді айтарлықтай кеңейтуге жол ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордың негізгі жұмыс бағыттарын айқындап, соның ішінде еліміз үшін маңызы зор басты инвестициялық жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыру бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді.