Тікелей эфир

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлемдер тағайындалды

Қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада орын алған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің  балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға әлеуметтік қолдаудың келесі түрлері көрсетіледі. Дәлірек – республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.


Оқи отырыңыз: "Қазаның орнын ешқандай өтемақы толтыра алмайды". "АрселорМиттал Теміртау" шахтадағы апат туралы мәлімдеме жасады


Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады.

Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды.

  • Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – МӘСҚ) қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем.

Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін естеріңізге саламыз", – деп жазылған хабарламада.


Оқи отырыңыз: Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің толық тізімі жарияланды


Айта кету керек, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, МӘСҚ және "Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ бақылауында.

Серіктестер жаңалықтары