Тікелей эфир

Қасым-Жомарт Тоқаев: Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандаймын

Президент қазақ әдебиетінің жастар арасында сұранысқа ие болуы мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы тәулік бойы жұмыс істейтін президент кітапханасын ашуды армандайтынын айтты. 

"Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын. Жақында мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін TikTok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам", – деді президент. 

Мұнымен қатар ол мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдайтынын айтты. Қазақ әдебиетінің жастар арасында сұранысқа ие болуы мемлекеттің ғана емес, жазушылардың да міндеті екенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: "Ел бірлігі" наградасы Республика күнінде алғаш рет табыс етіледі


"Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын  тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің "Қазақстанның Халық жазушысы" атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын", – деді ол. 

Бұдан өзге кино өндірісіндегі олқылықтарды сынға алды. 

"Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі, кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар", – деп қосты Тоқаев. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары