Президент кей ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыруды тапсырды.
"Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн. Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. Мен бұған дейін "Ел бірлігі" атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым", – деді мемлекет басшысы.
Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады.
Оқи отырыңыз: Екі ғасырлық тарихы бар Кенесары ханның Құран кітабы Ясауи кесенесіне қойылады
"Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады", – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.