Тікелей эфир

Қасым-Жомарт Тоқаев: Шаруалардың құқықтық мәртебесі жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек

Мемлекет басшысы ауа райының қолайсыздығына байланысты мал шаруашылығында түйіткілді мәселелер бар екеніне назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев шаруалардың құқықтық мәртебесі мен оларға көрсетілетін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керектігін мәлімдеді. Осы орайда үкіметке заң жобасын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды. 

"Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін көбейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды", – деді президент.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда мал жаятын жерлерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін айтты. Себебі, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Осы орайда ол жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заң болуы керектігіне тоқталды.

"Тіпті, оны (жайылымдық жерлерді – ред. түсіндірмесі) адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару керек. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуі тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Еске салсақ, президент мәдениет қызметкері, мұрағатшы, кітапханашы және қорықшылардың жалақысы жыл сайын 20% өсетінін мәлімдеді

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары