Қарағандыда 78 жастағы тұрғын "қарғысты қайтарамыз" деген желеумен әрекет еткен алаяқтардың құрбаны болды. Күдіктілер зейнеткердің алтын әшекейлері мен ақшасын иемденіп, оған шамамен 15 млн теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, оқиға зейнеткер үйіне қайтып келе жатқан кезде басталған. Оған үш бейтаныс әйел жолығып, алдымен стоматологияның қайда орналасқанын сұраған. Кейін олардың бірі әйелге жақын адамы салған "ескі қарғыс" барын айтып, одан құтылмаса, туысының өміріне қауіп төнетінін жеткізген.
"Күдіктілер түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, әйелдің сеніміне кірген. Олар "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұраған. Содан соң қарғыстан толық арылу үшін алтын бұйымдар мен ақшаны газетке орап беруді талап еткен. Әйелге түйінді 40 күн бойы ашпау, кейін ғана өртеп, күлін сол жерге әкелу керектігін айтқан. Алайда сол түні зейнеткер күмәнданып, түйінді ашып көргенде ішінде тек қағаз болған. Ал алтын әшекейлері мен 15 млн теңгесі жоғалған", – делінген хабарламада.
Жәбірленушінің нақты сипаттамасының арқасында полиция күдіктілердің жеке басын анықтады. Тергеу барысында олардың Павлодар, Алматы және Жетісу облыстарының тұрғындары екені әрі бұған дейін де осындай қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды.
Тіркелген мекенжайларынан табылмаған күдіктілердің Теміртау қаласында жүргені туралы ақпараттан кейін олар ұсталды. Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық полиция бөлімінде жәбірленуші оларды таныған.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.