Тікелей эфир

Қарашөкеев: Азық-түлік қорында 90 мың тонна қант бар

Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорының жеткілікті екенін айтып сендірді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған 18 іс-шараны, оның ішінде 1 жедел және 17 орта мерзімді іс-шараны жүзеге асыратынын мәлімдеді.

"Үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін, картоп алаңдарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жем дақылдарын 3,6 млн гектардан 4,2 млн гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілетін болады. Сондай-ақ, үш жыл ішінде ІҚМ басы 9 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,1 млн басқа дейін, жылқы басы 4 млн басқа дейін және т.б. ұлғайтылады. Картопты, көкөніс пен жеміс сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру 2022 жылы сақтау қуатын 98,3 мың тоннаға, 2023 жылы – 104,5 мың тоннаға, 2024 жылы – 19,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді", – деді Ербол Қарашөкеев. 

Бұдан өзге, министр азық-түлік тауарларын импортты алмастыру, АӨК өнімін өндіру мен тұтынудың нақты және болжамды теңгерімінің талдауы бойынша шаралар көзделгеніне тоқталды. Жоспардың екінші бөлімі халықтың азық-түлік тауарларына тұтыну шығыстарының үлесін төмендету және бағаларды тұрақтандыру бойынша 5 жедел және 1 орта мерзімді іс-шараларды іске асыруға бағытталғанын айтты.

"Бұл азық-түлік тауарларының бағаларын болжау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылары үшін сауда нарықтарының жалдау ақысын төмендету, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдауға көшу бойынша шаралар әзірлеу, тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтудың жаңа нысандары арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауыл шаруашылығы жерлерінің айналымы, сондай-ақ, жаңа суармалы жерлерді игеру сияқты іс-шараларды қамтиды. Үшінші бөлім тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету бойынша 4 жедел және 3 орта мерзімді іс-шараларды іске асыруды көздейді", – деп қосты министр. 


Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қантты 285-320 теңгеге қайдан сатып алуға болады


Әрі қарай Ербол Қарашөкеев 2024 жылы отандық ветеринариялық және биопрепараттардың үлесін 80%-ға дейін ұлғайту үшін қолда бар ветеринариялық және биопрепараттар өндіретін отандық кәсіпорындарды жаңғырту қажеттілігіне тоқталды. 

"Бүгінгі таңда шамамен 1,3 миллион теңгенің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорда жиналды. Ол қорлар күн сайын толықтырылып отыр. Атап айтсақ, 144 мың тонна ұн, 40 мың тоннадай күріш, 21,5 мың тонна макарон өнімдері жиналған. Шамамен 9 мың тоннадай көкөніс өнімдері бар. Азық-түлік қорлары күн сайын жаңартылып, бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін шикізат та жеткілікті. Сол себептен ахуал тұрақты. Қантқа тоқталатын болсақ, таңдағы жағдай бойынша қорда 90 мың тоннадай қант бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда объектілерінің қоймаларында 38,2 мың тонна бар. Негізі 20 мың тонна дайын қант және 20 мың тоннадай құрғақ ақ шикі қант бар. Ол өңделіп жатыр. Азық-түлік келісімшарт корпорациясын алатын болсақ, 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр", – деп сендірді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, жоспарды іске асыру ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, халықтың азық-түлік тауарларына шығыстарын төмендетуге және тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, қант бағасын көтергендерге табысының 3-5% мөлшерінде айыппұл салынатыны туралы хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары