Қазақстанның бірқатар өңірінде 27 ақпанда ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы "Қазгидромет" мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, елдің шығысы мен оңтүстігінде қар жауып, бұрқасын күшейеді. Ал солтүстік аймақтарда қатты аяз сақталып, кей жерлерде ауа температурасы -41 градусқа дейін төмендейді.
Жетісу, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарының таулы және оңтүстік өңірлерінде қатты қар, тұман, көктайғақ және екпінді жел күтіледі. Желдің жылдамдығы кей аумақтарда секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында қатты аяз болжанса, Абай және Ұлытау облыстарында тұман мен жаяу бұрқасын болады.
Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да жел күшейіп, көктайғақ пен тұман сақталады. Солтүстік Қазақстан мен Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының кей бөліктерінде де тұман түседі.
Синоптиктер тұрғындарға жолда абай болуға, алыс сапарға шыққанда ауа райы болжамын ескеруге кеңес берді.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17