USD: 485.5 / 489.5
  • EUR: 567.5 / 572.5
  • RUB: 6.55 / 6.67
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

Қайыңдыға жаңа жол, Көлсайға аспалы жол: туристер үшін не өзгереді?

Фото: Жазира Пірімқұл
Фото: Жазира Пірімқұл
Қайыңды көліне апаратын жаңа жол салынып жатыр. Жол құрылысы биыл күзге дейін аяқталуға тиіс.

2025 жылы Алматы облысындағы Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 600 мыңнан астам турист келген. Бұл жоспарланған көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Туристер ағынының артуына байланысты ұлттық парк аумағында жаңа инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, Қайыңды көліне апаратын жол салынып жатыр. Сонымен қатар Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жол салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы "Парктер шеруі" халықаралық табиғатты қорғау акциясының қорытындысында ұлттық парк директорының орынбасары Хамит Ахметов мәлімдеді.

Туристер саны рекорд жаңартты

Ұлттық парк мәліметінше, 2024 жылы Көлсай көлдеріне 395 мың адам келсе, 2025 жылы келушілер саны алғаш рет 600 мыңнан асқан.

Оның ішінде 128 мыңнан астамы шетелдік туристер болған. Олар негізінен Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Ұлыбритания және Ресейден келген. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында парк аумағына 120 мыңнан астам адам келген.

Фото: Жазира Пірімқұл
Фото: Жазира Пірімқұл

Туристер саны жыл сайын артып келеді. Бұл Көлсай мен Қайыңды көлдерінің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көрсетеді. Егер жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, алдағы жылдары келушілер саны бұдан да өседі деп күтіп отырмыз, – деді Хамит Ахметов.

Оның айтуынша, 2025 жылы туристік-рекреациялық қызметтен түскен табыс 546,4 миллион теңгені құраған.

Фото: Жазира Пірімқұл

Қайыңды мен Көлсайда қандай жұмыстар атқарылды?

Кейінгі жылдары ұлттық парк аумағында туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылған.

Атап айтқанда, Қайыңды көлі бағытына жаяу жүргіншілер жолы салынып, бақылау-өткізу бекеттері жаңғыртылған. Электронды шлагбаумдар орнатылып, QR арқылы төлем қабылдау жүйесі іске қосылған.

Фото: Жазира Пірімқұл

Төменгі Көлсай көлінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы пандус жасалып, жаңа көру алаңдары пайдалануға берілген.

Сонымен қатар демалушыларға арналған қалқалар, көпірлер, ақпараттық тақталар мен фотозоналар орнатылған. Бүгінде ұлттық парк аумағында тоғыз туристік маршрут жұмыс істейді. Олардың ішінде Қайыңды көліне және Сарыбұлақ асуына апаратын бағыттар ең танымал саналады.

Фото: Жазира Пірімқұл

Қайыңды көліне жаңа жол салынып жатыр

Қайыңды көліне апаратын жаңа жолдың құрылысы басталды. Ұзындығы шамамен 10 шақырым болатын жол туристердің көлге жетуін жеңілдетеді. Қазір демалушылар Қайыңды көліне негізінен жол талғамайтын көліктермен немесе атпен жетеді.

Ұлттық парк өкілдерінің мәліметінше, былтыр Қайыңды көліне 200 мыңнан астам турист барған. Жол құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр және оны биыл күзге дейін аяқтау көзделген.

Фото: Жазира Пірімқұл
Фото: Жазира Пірімқұл

Аспалы жол салу мәселесі қарастырылып жатыр

Ұлттық парк басшылығы болашақта жүзеге асуы мүмкін жобалар туралы да айтты. Солардың бірі – Төменгі және Ортаңғы Көлсай көлдерін байланыстыратын аспалы жол құрылысы.

Туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдіру қажет. Қазіргі уақытта аспалы жол салу мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттыруы мүмкін. Бірақ барлық шешім табиғатты сақтау қағидаты негізінде қабылдануға тиіс, – деді Хамит Ахметов.

Сонымен қатар парк аумағында визит-орталықтар, экологиялық қонақүйлер, глэмпингтер мен қоғамдық тамақтану орындарын салу жоспарланып отыр. Қазір ұлттық парк аумағында туристік-рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген 25 жер учаскесі бар.

Көлсайда жаңа құтқару пункті ашылды

Фото: Жазира Пірімқұл

Төменгі Көлсай көлінің маңында жаңа әмбебап құтқару пункті пайдалануға берілген.

Саты ауылдық округінің әкімі Нұрым Сағымжанның айтуынша, нысан туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында салынған.

Шелек өзені алабы сел қаупі жоғары аумақтардың қатарына жатады. Мұнда мұздықтар мен бөгеттік көлдер орналасқан. Сондықтан заманауи құтқару пунктін салу туралы шешім қабылданды. Нысан байланыс құралдарымен, мониторинг жабдықтарымен және жедел әрекет ету техникасымен қамтамасыз етілген. Мұнда құтқарушылар мен "Қазселденқорғау" қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады, – деді Нұрым Сағымжан.

Оның айтуынша, жаңа пункт ұлттық парк аумағындағы жағдайды тұрақты бақылауға және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Жазира Пірімқұл

Табиғатты сақтай отырып даму мүмкін бе?

Ұлттық парк басшылығының айтуынша, туристер санының артуы табиғатқа түсетін жүктемені де көбейтеді. Сондықтан парк аумағында жыл сайын экологиялық акциялар өткізіліп келеді.

Биыл ғана "Таза Қазақстан", "Таза өлке" және басқа да акциялар аясында мыңдаған адам тазалық жұмыстарына қатысқан.

Туризмнің басты капиталы – табиғат. Егер табиғатты сақтай алмасақ, барлық жетістіктің мәні жоғалады. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту мен табиғатты қорғау қатар жүруі керек, – деді Хамит Ахметов.

Ұлттық парк өкілдерінің пікірінше, Көлсайдың болашағы жаңа жолдар мен қонақүйлерге ғана емес, табиғи ортаны сақтауға да байланысты.

Фото: Жазира Пірімқұл

 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз