Ақмола облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бөлінген қаражат Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға бағытталады.
"Атап айтқанда, Қатаркөл көлінің маңындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылады. Бұл коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартып, демалыс маусымындағы жүктеме кезінде орталықтардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Щучинск қаласында магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезеңін салу және реконструкциялау, су бұру нысандары мен желілерін жөндеу, сондай-ақ кварталішілік кәріз жүйелерін тарту жоспарланған", – делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, бұл жұмыстар желілердің апаттылығын азайтып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды инженерлік жүйелерге қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.
Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 226,5 млрд теңгеге бағаланған 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.