Тікелей эфир

Президенттің баспасөз хатшысы денсаулық жағдайына байланысты лауазымынан босатылды

Нұрмұхамед Байғараев бұл қызметке 6 қыркүйекте тағайындалған болатын.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев денсаулық жағдайына байланысты қызметтен кететінін хабарлады. Бұл туралы ол Facebook желісінде жазды. 

"Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі, аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз. Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді", – деді ол. 

Нұрмұхамед Байғараев осы жағдайға байланысты уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деген шешімге келгенін мәлімдеді. 

"Осыған орай, президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын", – деп жазды Нұрмұхамед Байғараев.

Еске салайық, Нұрмұхамед Байғараев ҚР Президентінің баспасөз хатшысы лауазымына 6 қыркүйекте тағайындалған болатын. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары