Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы шағын бизнеске жасалатын тексерулерді азайтуға шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану кәсіпкерлікті белсенді дамытуға бірегей мүмкіндіктер туғызады. Қазіргі таңда ЖІӨ-нің шамамен 40%-ы және негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның 70%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі.
"Бұл – соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алайда, табысқа масаттанатын уақыт емес. Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және қолайлы орта қалыптастыру бойынша айтарлықтай күш жұмсалғанына қарамастан, қолданыстағы тәсілдердің заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні анық байқалуда. Кәсіпкерлікті дамыту ісінде Үкімет сапаға ерекше мән беруі керек. Мемлекеттік қолдау шаралары технологиялық деңгейі мен бизнес санаттарына қарай саралануы тиіс. Шағын бизнесті қолдау атаулы әрі тиімді болуы қажет және ол "жан сақтау режимінен" тұрақты өсу жолына көшуді ынталандыруы шарт", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев табиғи апаттар туралы: Мәселе пайда болған кезде ғана жанталаспай, қиындықтың алдын алған жөн
Ол шикізаттық емес сектордағы әлеуеті жоғары орта бизнесті қолдау шаралары дайын өнімді өткізу нарығын кеңейтуге септігін тигізуі керектігін атап өтті. Президент Үкімет пен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына 1 сәуірге дейін ШОБ-ты қолдау саясатын толықтай қайта жүктеу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл ретте әрбір кәсіпкерге ұялы телефоны арқылы қолжетімді болатын біртұтас цифрлық экожүйе құрылуы тиіс.
"Қолданыстағы реттеуші орта кәсіпкерлер үшін артық әкімшілік және материалдық шығындар тудырады. Оларды азайту құралдарының бірі ШОБ субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий болды. Алайда мораторий аяқталған сәттен бастап бәрі баяғы қалпына келді. Мәселен, егер 2020 жылы 70 мың тексеру жүргізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін өсті. Оның үстіне бұл тексерулердің 85%-дан астамы жоспардан тыс сипатта. Мұндай күмәнді тәжірибені тоқтататын уақыт жетті", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, негізсіз тексерулердің орнына медициналық қорды, жекеменшік мектептерді және әлеуметтік жеңілдіктер беру жүйесін тексеру қажет.
USD:
469.5 / 472.5
EUR:
552.0 / 557.0
RUB:
6.01 / 6.13