Тікелей эфир

Президент Қытайдың Alibaba, JD.COM сауда алпауыттарының тауарын Қазақстанда сақтауды ұсынды

Мемлекет басшысының айтуынша, осылайша Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады.

Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында Қазақстан мен Қытай арасында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Осы орайда ол көрші елдің интернет сауда алпауыттарына тауарын Қазақстан қоймаларында сақтауды ұсынды, деп хабарлайды "Ақорда" сайты. 

"Онлайн сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың Alibaba Group, JD.COM сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда, Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық. Біз осыны ескере отырып, жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады",  – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолы іске қосылады


Мемлекет басшысының пікірінше, ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін мол саланың бірі – агроөнеркәсіп. Жуырда  Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалды. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Сондай-ақ соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артты. Сонымен қатар Президент елімізді қант өнімімен толық қамтамасыз ету көзделіп отырғанын жеткізіп, Қытай компанияларын қант өндірісін дамытуға белсене атсалысуға шақырды.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

"Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады.  Біз Қытайға қарай "Аягөз – Бақты" темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. "Достық – Мойынты" арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.  Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор", – деді мемлекет басшысы.

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға "Астана" халықаралық қаржы орталығының  артықшылықтарын айтып берді.  Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, келешекте China International Capital Corporation (CICC) ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатыр.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстанда Қытайдың ірі техникалық университетінің филиалын ашуға мүдделіміз


Президент сөзінің соңында елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің  сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары