Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа сайлау өткізу мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.
Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізу қажет екенін айтты.
Тоқаевтың сөзінше, мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда белгіленген мерзімге дейін сақталады. Алайда олардың басым бөлігі Amanat партиясының атынан сайланған. Президент бұл саяси ұйымның "Әділет" партиясына қосылып, қызметін тоқтатқанын атап өтті.
"Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды", – деді президент.
Тоқаев жақын арада премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесетінін айтты. Осыдан кейін тиісті Жарлыққа қол қоюы мүмкін екенін жеткізді.
"Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын Президент тоқтата алады. Ал мұндай жағдайда кезектен тыс сайлауды Орталық сайлау комиссиясы Президенттің мәслихат өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығы негізінде тағайындайды және сайлау өкілеттік тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
Президенттің айтуынша, бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға және олардың жұмысына тың серпін беруге мүмкіндік береді.