Тікелей эфир

Президент: Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс жергілікті халықтың мәселесін жылдам шешуге көмектеседі.

Аудандарда мәселе жылдам шешілуі үшін аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру қажет. Мұнымен қатар жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент кезекті жолдауында аудандарда жергілікті бюджетті басқару мәселесіне тоқталды. Айтуынша, әкімдер жергілікті бюджетті өзі басқарса, бұл бірінші кезекте халық үшін тиімді болмақ. 

"Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет", – деді мемлекет басшысы. 


Оқи отырыңыз: "Қарызсыз қоғам" қаржы сауатын арттыру жобасы үкіметтік деңгейге өтеді


Мұнымен қатар ол жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керектігін айтты. 

"Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек", – деді президент. 

Серіктестер жаңалықтары