Тікелей эфир

"Қарызсыз қоғам" қаржы сауатын арттыру жобасы үкіметтік деңгейге өтеді

Осы жобаға қатысқан 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар.

Қасым-Жомарт Үкіметке "Amanat" партиясымен бірлесіп, "Қарызсыз қоғам" жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.

"Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция жалпы ішкі өнімнің 15 пайызын ғана құрады. Бұл көбінесе отандық банктердің экономиканы дамытуға аз қатысуының салдарынан болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Отбасы банкі туралы: Басты назарды аудан мен ауылдарға аударған жөн


Тоқаев нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін атап өтті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Президент  2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімін және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегенін, бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айта кетті.

"Азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте "Amanat" партиясының "Қарызсыз қоғам" жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке "Amanat" партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. "Қарызсыз қоғам" жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары