Тікелей эфир

Полиция енді зорлықшының отбасымен араласуын бір айға дейін шектей алады

Талап бұзылса, зорлықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5-10 тәулікке дейін қамалады.

Полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсеткен тұлғаларға шектеу қою мүмкіндігі кеңейді. Бұдан былай олар қол жұмсауға бейім азаматтарды отбасына бір айға дейін жолатпай қоя алады. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді. 

"2009 жылы отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты құқық жүйесінің негізі салынған болатын. Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы арнайы профилактикалық заң қабылданған соң, ІІМ бастамасымен оған 12 өзгеріс пен қосымша түзету енгізілді. Осының арқасында полицейлердің отбасына зорлық-зомбылық көрсететін тұлғаларға шектеу қою мүмкіндігі кеңейді. Енді полиция қызметкерлері отбасындағы зорлықшының жәбірленушіге жақындауына тыйым сала алады. Кез келген жолмен, тіпті, телефон арқылы хабарласуына да мүмкіндік берілмейді. Мұндай шектеу мерзімі бір айға созылады. Арнайы тыйым салу құжаты толтырылады. Ал зорлықшы өзіне қатысты тыйым ережелерін бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5-10 тәулікке дейін қамалады", – деді ведомство өкілі. 


Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?


 Бұдан өзге, зорлықшы жәбірленушіні ұрса немесе денесіне жеңіл болсын жарақат келтірсе, құқық бұзушыға қатаң жаза тағайындалады. Оны қамауда ұстау мерзімі тиісінше 10-15 тәулікке дейін ұзарды. Осы жазадан кейін де әрекетін жалғастыра берсе, сот полиция органы қызметкерлерінің немесе іске қатысы бар басқа азаматтардың өтінішхатымен бұдан да ауыр жаза тағайындауға құқылы. 

Сондай-ақ, төмендегідей тыйым ережелері болады. Олардың мерзімі 3 айдан басталып, бір жылға дейін созылады:

  • қару-жарақ сақтау және оны өзімен бірге алып жүру;
  • тіпті, өз үйінде ішімдік ішуге тыйым салу;
  • ерекше жағдайда төбелескішті үйінен он күнге шығарып жіберу (басқа тұратын жері болған жағдайда);
  • учаскелік полиция жеке бақылауына алады. 

"2021 жылдың бірінші жартысының өзінде полиция қызметкерлері 47 мыңнан астам жәбірленушіні қорғауға бағытталған құжат толтырды. Полицияның шамамен 6 мыңнан астам өтінішімен соттар төбелескіштерге шектеу қойды. 6 ай қорытындысы бойынша, қолданылған шаралар арқасында отбасындағы құқық бұзу деңгейі 8% төмендеді. Алайда барлығы бірдей отбасылық тираннан қорғану үшін полицияның көмегіне жүгіне бермейді. Мұндай қылмыстар көп жағдайда әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға төтеп бере алмай ішімдік ішкеннен кейін болады. Дәлірек айтсақ, отбасылық зорлық-зомбылықтың тең жартысы ішімдік ішкен соң болып отыр. Ал қамауға алынған азаматтардың 80%-ының жұмыс орны жоқ", – деді төраға орынбасары.


Оқи отырыңыз: "Бетіңе қышқыл шашып, пышақтап кетемін". Дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр әйелдердің оқиғалары


2020 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, 14 700-ден астам қазақстандық 1-4 жыл бірге тұрған соң ажырасқан. Ішінде 2 300-і бір жылға жуық уақыт қана бірге тұрған. Осының әсерінен балалардың жетім қалуы, толық емес, аз қамтылған отбасылардың көбеюі, алименттердің төленбеуі сынды проблемалар саны артқан. Осы орайда, ІІМ жәбірленушілерді тұратын орынмен қамтамасыз ету мәселесін қолға алған. 

"Оларға құқықтық, медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмектер көрсетіліп, түрлі тренинг пен консультация өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда полициямен 49 дағдарыс орталығы бірге жұмыс істейді. Солардың 39-ында тұратын орын бар", – деді ведомство өкілі. 

Бұл орталықтарға жәбірленушілер өз бетінше және полиция көмегімен жүгіне алады. Биыл полиция дағдарыс орталығына өмірде қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйелді бағыттаған. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары