Петропавл қаласының орталығындағы Үкілі Ыбырай ескерткішінің маңайы құрылыс алаңына айналған. Дәл түбінен ор қазылып, айналасындағы қоршауы алынған, деп жазды Aikyn.kz басылымы.
Бұл аумақтағы жер мемлекеттің емес, жеке кәсіпкердің меншігінде. Спартак Басағаринов есімді кәсіпкер азамат бұл аумақтағы баспахананың ескі ғимаратының орнына сауда-әкімшілік орталығын ашып, маңайын абаттандыратынын айтып отыр.
"Біз бұл аумақтың барлығын, соның ішінде ескерткіштің маңайын көркейтеміз.Үкілі Ыбырайдың ескерткіші қалтарыстау жерде, көлеңкеде орналасқан, елеусіздеу жерде тұр. Біз керісінше, ескі ағаштарды кесіп, бұл жерді ашып, жарықтандырамыз. Ескерткіштің айналасындағы ағаштар менің жерімде орналасқан, ал ескерткіш тұрған жерге менің қатысым жоқ. Мүсінге жапсарлас жердің барлығын көркейтетініміз туралы қаланың да, облыстың да әкіміне есеп бердік", – дейді кәсіпкер.
Оқи отырыңыз:
- Петропавлда 50 миллионға салынған футбол алаңының тоз-тозы шыққан
- "Терезесі жоқ тар бөлмелер": СҚО-да оқушылар үш жылдан бері әкімдік кеңсесінде оқиды
Дегенмен, жергілікті тұрғындар ескерткішті басқа жерге көшіреді не мүлде алып тастайды деп алаңдаулы. Ел арасында "Жер иесі қалалық әкімдікке барып, ескерткіш мүсінді басқа жаққа ауыстыру туралы өтініш айтыпты" деген сыбыс тарап үлгерген.
Алайда Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының маманы Динара Бүркітәлімова Үкілі Ыбырай мүсінінің жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне енгізілмегенін мәлімдеді.
"Біз облыс әкімінің қаулысымен және министрдің бұйрығымен бекітілген республикалық тізімге енгізілген ескерткіштердің жай-күйіне ғана мониторинг жүргіземіз. Облыс аумағында жергілікті маңызға ие 598 ескерткіш бар. Облыс аумағында және орталығында бұл тізімдерге енгізілмеген ескерткіш өте көп. Үкілі Ыбырай ескерткіші – солардың бірі", – деп түсіндірді Динара Бүркітәлімова.
Ал Петропавл қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлия Бейсенова бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке ресми хат келіп түспегенін айтып, Үкілі Ыбырай ескерткішін көшіру туралы мәселе күн тәртібінде шықпағанына сендірді.