Солтүстік Қазақстан облысының орталығында 4 жыл бұрын мемлекеттік бюджеттің 50 миллион теңгесіне салынған жабық футбол манежінің жасыл жабындылары жыртылып жатыр. Соның кесірінен алаңда жаттығатын балалар сүрініп, шетінен жарақат алуда6 деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Балалардың ата-аналарының айтуынша, бірнеше жылға жетпей бүлінген жасыл алаң сапасыз материалдардан салынған. Бүгінде жасыл жабындылары бір-бірінен ажырап, жан-жақта шашылып жатқан жерде мыңға тарта бала жаттығуға мәжбүр. Жас спортшылар тоз-тозы шыққан футбол алаңында ойнап жүргендеріне бір жылдан асқанын айтады. Сол аралықта құлап, мертігіп, тіпті жарақат алғандары да бар.
"Бәрі құлайды. Өйткені, мұндағы төсеніштер тайғанақ. Одан қалды, жыртық-жыртық. Дұрыс ойнай алмаймыз", – дейді Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Мағжан Амантай.
Жеткіншектердің футбол ойнағанынан гөрі, жасыл төсенішті жөндегендері көп дейді ұлдарын жаттығуға әкелетін ата-аналар. Сондықтан, олар балаларымыз осындай қырық жамау төсеніште доп тепкенше, қара жерде ойнағаны артық еді дейді. Әрі спорттың дамуына селқос қараған әкім-қаралар, осындай алаңда қалайша болашақ чемпиондарды тәрбиелемек деп ашулы. Кейбірі тіпті арзанқол материалдардан жасалған жасыл алаңға бұдан былай балаларымызды жібермейміз деп отыр.
Оқи отырыңыз: "Терезесі жоқ тар бөлмелер": СҚО-да оқушылар үш жылдан бері әкімдік кеңсесінде оқиды
"Жасыл алаңның жағдайы сұмдық. Менің ұлым бір емес бірнеше рет мертігіп қалды. Бір күн жаттығуға апарсақ, бірнеше апта жарақатпен жатады. Футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі жағдай осындай болса басқасынан не күтеміз", – дейді ата-ана Анна Бакирова.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 4 жыл бұрын салынған жабық футбол манежін 2020 жылы қайта жөндеуге тура келген. Сол жылы ауыстырылған жасыл төсеніш небәрі бір жылға ғана жараған. Енді төсенішті қайта ауыстыруға бюджеттен тағы 28 миллион теңге қаржы сұрап отыр екен.
"Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттарды дайындап жатырмыз. Оны облыстық бюджет комиссиясы қарастырады. Кейін қаржы бөлгенін күтеміз", – дейді СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Виктор Бестик.
Оның айтуынша, қазан айының соңында бюджеттен қаржы бөлу туралы шешім қабылданса, жасыл алаң жыл соңына дейін толығымен ауыстырылады.