Тікелей эфир

Петропавлда үйлері сүрілетін тұрғындар әкімдік уәде еткен жаңа пәтерді ала алмай жүр

Әкімдіктегілер тұрғындарға арзынырақ үй таңдауға кеңес берген.

Петропавл тұрғындары әкімдік уәде еткен жаңа пәтерге қол жеткізе алмай жүргеніне шағымданды. Айтуларынша, жергілікті билік халыққа жер үйдің орнына пәтер береміз деп, кейін бұл ойынан айнып қалған. Ал әкімдіктегілер тұрғындар таңдаған баспана бағасы қымбат болғандықтан, сатып алу рәсімі тоқтағанын айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Әкімдікпен келісімшартқа қол қойып, үйін сүруге келісім бергендердің бірі – Аманбай Осипов. Зейнеткер жергілікті биліктің айтқанын орындап, 45 шаршы метрден тұратын пәтер іздеп тапқан. Тіпті мүлік иесіне бірден 300 мың теңге ақшасын алдын ала төлеп қойғанын айтады. Бірақ шенеуніктер тендер өткізсе де, келіскен қажетті соманы аудармаған. 

"Мамыр айында отын алатынымды айттым. Биыл не істеймін? Алмаңыз, биыл үй сүріледі деді. Үйдің алдын ала ақшасын бердік. Енді қазір не істерімізді білмей отырмыз", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Аманбай Осипов. 

Тұрғындардың айтуынша, кемінде отыздан артық үй иесі осындай жағдайға тап болған. Барлығы қарыз алып, екі жүз мың теңгеден бастап, жарты миллион теңгеге дейін алдын ала төлемдерін жасап қойған. Енді әкімдіктегілер біз таңдаған баспаналарды алып беруден бас тартып, ақшамыздан айырылып қалдық дейді.


Оқи отырыңыз: Астанада былтыр тамызда берілуі тиіс пәтеріне кіре алмай жүрген үлескерлер шу шығарды


"Екі ай күттік. Келіскен пәтер иесімен келісімшартымыз күйіп кетті. Не ақша жоқ, не пәтер жоқ. Былайша айтқанда алданып қалдық. Әкімдікке біздің үй керек болса, олар біздің соңымыздан қалмауы керек. Жоқ керісінше, біз ақшамызды беріңізші деп жалынып жүрміз", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Виктор Прудло. 

Ал әкімдіктегілер тұрғындар таңдап келісіп қойған пәтерлер нарықтық бағадан қымбат болып шықты дейді. Сол себепті мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, арзанырақ пәтер іздеуге кеңес берген. Айтуларынша, қазір нарықта пәтер бағасы арзандаған. 

"Сатушылар мен сатып алушылар пәтердің өзіндік құнын көтеріп, өзара келісіп алған болуы мүмкін. Бұл жемқорлыққа әкеледі. Ал үйді сатушыларға тұрғындардың ақшасын қайтаруды сұраймыз. Себебі, ол үйді алатын азаматтар емес, біз. Яғни, мемлекет", – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров. 


Оқи отырыңыз: Таразда қырықаяқ пен қандала қаптаған жатақхана тұрғындары көмек сұрады


Әкімдіктің мәліметінше, биыл 400-ге жуық жер үй сүрілуі керек болған. Оның отызын ғана әкімдік сатып алып, иелеріне жаңа пәтер берген. Ал қалған тұрғындардың барлығымен жаңа келісімшарт жасалады. 

Серіктестер жаңалықтары