Еліміздің солтүстігінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар шу шығарды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Баспанаға мұқтаж жандар 15 жылдан бері үй кезегіміз жылжымайды деп отыр. Сондықтан жақын туысы жоқ адамдар кейде көпқабатты үйлердің кіреберісінде түнеуге тура келетінін айтады.
Ал жергілікті билік өкілдері күтуден басқа амал жоқ дейді.
Бұл Виктор Манаенконың тұратын жері. Адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан азамат бөлмені баспана деп айту қиын дейді. Өйткені тазалық талаптары сақталмаған жатақханада құрт-құмырсқа қаптап жүр. Амалдың жоқтығынан 10 шаршы метр жерді жалдап тұратынын айтады.
"Жатақханадан осы бөлмені 50 мың теңгеге жалдап тұрамын. Ең арзаны осы болды. Үй кезегінде тұрмын. Бірақ тізімге қарасаң кезегім жыл сайын төмен түсіп барады. Биыл бір сатыға да көтерілмеді", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Виктор Маненко.
Туғанынан тұл жетім қалған кей азаматтар көпқабатты үйлердің кіреберісінде қонып жүргендерін айтады. Басқа барар жері жоқ жандар күн суықта далада түнеу мүмкін емес деп отыр. Олар суық бетонда жатып, жиі ауыратын болдық деп қынжылады.
Солардың бірі Виктор Волобуев. Айлығы шайлығына жетпейтін азамат пәтер жалдауға жағдайым жоқ дейді.
"Қазір жалдамалы пәтерлердің бағасы қымбат. Бір бөлмелі пәтерге 100-120 мың теңге сұрайды. Ал жалақым 80 мың теңге. Амалдың жоқтығынан үйлердің кіреберісіне жата саламын. Биліктен ақша сұрамаймын. Бізге тек баспана керек", – деді Виктор Волобуев.
Әкімдіктегілердің мәліметінше, екі жыл бұрын баспанаға мұқтаж азаматтардың тізімі бір санатқа біріктірілген. Яғни, әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың барлығы қазір бір кезекте тұрады.
"Пәтер кезегінің жылжуы баспананың құрылысына байланысты. Бюджеттік үйлерді пайдалануға берсек оның 20 пайызын ғана ата-ана қамқорлығынсыз қалған адамдарға ұсына аламыз. Бәріне бірдей пәтер жетпейді. Соны түсіну керек", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Жалпы, Петропавлда 20 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр екен. Соның 1 700-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар.