Тікелей эфир

Петропавлда 500 млн теңгеге салынған саябақтың тоз-тозы шықты

Тұрғындар бес гектар аумақты алып жатқан саябақты күтіп ұстамаған әкімдікті кінәлайды.

Петропавлда бюджеттің 500 миллион теңгесіне салынған саябақтың үш жылға жетпей тоз-тозы шықты. Демалыс орнындағы субұрқақтар бірінен соң бірі істен шығып, жиегіндегі тасы үгітіліп кеткен, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі. 

Бұл – Петропавлдың "Береке" шағын ауданындағы жалғыз саябақ. Тұрғындар күн сайын отбасымен серуендеп, спортпен шұғылдануға келетін орынның сау тамтығы қалмағанын айтады. Жап-жаңа саябақтың үш жылдың ішінде орындықтары қирап, асфальті де опырылып қалды дейді. 

"Плиталары, бәрі шығып жатыр. Фонтан әбден бұзылып бітті. Ешкім қарамайды, бүкіл қабырғасы қопарылып жатыр. Іші қоқысқа толып тұр. Фонтан жүрмейді ешқашан да", — дейді қала тұрғыны Әнуарбек Рахметжанов. 

Тұрғындар бес гектар аумақты алып жатқан саябақты күтіп ұстамаған әкімдікті кінәлайды. Өйткені әу баста сапасыз материалдардан жасалған демалыс орнын тез қабылдай салды дейді. Тіпті, үш жыл бұрын күзде жауын-шашынның астында жұмыстарын жалғастырған жауапсыз мердігерлерден сапаны талап етудің өзі артық дейді. 

Бір қызығы, әкімдіктегілер қараусыз қалған саябақтың мұндай аянышты күйге түскенін бұған дейін байқамаған. Енді жұмыстарды атқарған мердігерді қайта жөндеуге міндеттейін десе кепіл мерзімі жарты жыл бұрын аяқталып кеткенін айтады. Сондықтан демалыс орнын қайта қалпына келтіруге бюджеттен қомақты қаражат керек дейді.

"Кепілдік мерзімі былтыр бітті. Сондықтан бұның бәрін енді қайта бюджет қаржысына жөндеуге тура келеді. Субұрқақ, шағын сәулет мүсіндерін қайта қалпына келтіру керек", — дейді Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова. 

Әкімдіктегілер саябақты жөндеу жұмыстарына бюджеттен қанша қаржы жұмсайтынын айтпай отыр. Бірақ жаздың соңына дейін барлығы қайта жөнделеді дейді.

Серіктестер жаңалықтары