Оқу-ағарту министрлігі "Педагогикалық идеялар панорамасы" байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
Байқау шарты бойынша, материал бұрын жарияланбаған, басқа байқауларға ұсынылмаған және авторлық құқықты сақтай отырып әзірленген жеке әдістемелік идеяға негізделуі шарт. Жобаны қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде тапсыруға болады.
Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері қатыса алады. Конкурс нәтижелері педагогтерді аттестаттау кезінде ескеріледі.
Конкурс екі кезеңнен тұрады:
- Аймақтық кезең – білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған авторлық педагогикалық идеяның сипаттамасын ұсыну (сабақтың, оқу немесе тәрбиелік іс-шараның жоспары).
- Республикалық кезең – білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған авторлық педагогикалық идеяны нақты білім беру жағдайында қолдануды көрсету (сабақтың, оқу немесе іс-шараның бейнежазбасы).
Конкурс жеңімпаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің педагогтері мен білім беру қызметкерлері съезі аясында өтетін Педагогикалық шеберліктің халықаралық фестиваліне және өзге халықаралық конкурстарға қатысуға ұсынылады.

