Тікелей эфир

Пәтер, көлік және 5 млн теңге: Алматы әкімі Олимпиада жүлдегерлерін құттықтады

Ерболат Досаев спортшылар мен бапкерлерді құттықтады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық спортшылармен кездесті.

Шаһар басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлде алған – дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады.

"Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті іс пен туып-өскен елге, жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісісіздер", – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.

Сонымен қатар спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті берілді. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға тартылды.

Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары