Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстанның Грузиядағы елшілігі қолдауымен Грузиядан Қазақстан азаматы экстрадицияланды.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті жеке кәсіпкер ретінде полиция қызметкеріне пара берген. Тергеу деректеріне сәйкес, ол қылмыстық жауаптылықтан жалтару және өзіне тиесілі массаж салонының кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ақшалай сыйақы ұсынған.
"Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. 2026 жылдың наурыз айында ол Рустави қаласында ұсталып, Қазақстан тарапының сұрауымен елге қайтарылды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайында шетел азаматы есірткімен ұсталды. Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Айып тағылған баптар бойынша оған мүлкін тәркілеу және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.