Тікелей эфир

Пәтер, Lexus және Яндекс сервистеріндегі табыс: Алматыда борышкерлер алименттерді қалай төлейді?

Алматыда алимент өндіруге қатысты 18 мыңнан астам іс қаралуда.

Бүгінде Алматыда 18 мыңнан астам алимент өндіру ісі қаралуда, деп хабарлады қалалық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Айдын Қайдаров.

Оның айтуынша, Алматыдағы ең көп алимент қарызы – 63 миллион теңге.

"Қарыз мерзімі үш айдан асатын 1000 проблемалық істерге қатысты біз белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Өз әрекеттерін жиі тұрақты жұмысының жоқтығымен ақтайтын алимент төлеушілерге жеке сот орындаушысы қамауға алу және шектеу түріндегі мәжбүрлеу шараларын қолданады", – деді  Алматыда өткен брифингте Айдын Қайдаров.

Ол Алматы қаласында ірі көлемдегі алименттік қарызды өтеу үшін борышкермен жасалған медиация келісімі аясында үш бөлмелі пәтер берілген мысалды айтты. Басқа борышкер пәтердегі үлесін алимент ретінде аударған.

"Борышкердің мүлкін мәжбүрлеп алып қою мысалдары бар. Жыл басынан бері барлығы 10-нан астам борышкердің көлігі тәркіленді. Нәтижеге жүргізуші куәлігі де тиімді әсер етеді. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы жете сот орындаушылары "Яндекс" сервисінде жұмыс істейтін қосымша табыс бойынша борышкерлерді анықтауда", – деді спикер.

Алматы қалалық жеке сот орындаушылар палатасы да жұмыссыз борышкерлердің тізімін жасап, еңбек биржалары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге жібереді.


Оқи отырыңыз: "Баласына 15 мың теңгесін қимайды". Алимент өндіру үшін не білу керек?


Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-ана кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Палата борышкерлер арасында балаға алимент төлеу туралы шарт жасасу мүмкіндігі және алимент төлеудің әртүрлі әдістері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырау туралы шарт жасасуға құқылы, алимент мынадай жолмен төленуі мүмкін:

  • алимент төлеуге міндетті тұлғаның табысы мен өзге де кірістерінің үлесінде;
  • мерзімді түрде төленетін тұрақты ақша сомасында;
  • бір уақытта төленген тұрақты ақша сомасында;
  • мүлікті беру арқылы.
Серіктестер жаңалықтары