Тікелей эфир

Отбасы банкі мен Қарағанды облысы әкімдігі 5 пайыздық тұрғын үй бағдарламасын іске қосты

Өтініш қабылдау 13 маусымда басталып, 24 маусым күні сағат 18:00-де аяқталады.

Жаңа жоба жас мұғалім, дәрігер, мейірбике, мәдениет қызметкері, спортшы, жаттықтырушы, журналист, университет оқытушысы, ғылыми және әлеуметтік қызметкерлерге жеке баспана алу үшін жеңілдетілген заем алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Отбасы банкінің баспасөз қызметі. 

Бағдарламаның шарттары:

  • үміткер жасы 35-тен аспауы керек;
  • бағдарламаға қатысушылардың таңдаған саладағы ресми жұмыс өтілі, өтініш берген кезде, соңғы бір жылдан кем болмауы тиіс. Табысы да есепке алынады. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (1 КМ – 37 389 теңге);
  • бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкінің болмауы шарт;
  • тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 20 млн теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады.
  • бастапқы жарна – 10%, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%), несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін.

Қазіргі уақытта Отбасы банкінде 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан астам облыс тұрғыны баспана алу үшін қаражат жинап жатыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда пайызы төмен "жасыл" ипотека ашылады


"Қарағанды ​​облысы жастарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еліміздегі үшінші өңір болды. Облыс әкімдігі осылайша жас мамандарға қолдау көрсетуді жөн көрген. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банк 500 млн теңге бөліп отыр. Аталмыш бағдарлама көмегімен биылғы жылы баспаналы боламын деген қарағандылықтар қоныс тойын тойламақ", – дейді "Отбасы банк" АҚ Қарағанды ​​облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау 13 маусымда басталып, 24 маусым күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлер Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39, Open Qarağandy кеңсесі мекенжайына жолығулары қажет.

"Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін мемлекеттік және қоғамдық өкілдер мен депутаттардан құралған комиссия мүшелері қатысушыларды іріктеп, тізімді Отбасы банкіне жолдайды. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан алғашқы немесе екінші нарықтан және "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігімен салынып жатқан қала нысандарынан сатып алуға болады", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы 


Бүгінде Қарағанды ​​облысының әрбір оныншы тұрғыны баспана алу мақсатымен Отбасы банкінде депозит жинап жатыр. Банктегі салымшылар саны бойынша өңір Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе облыстарынан кейін төртінші орында тұр.

Мұнда жастарға арналған жаңа бағдарламамен қатар Отбасы банкінің жеке бағдарламалары, сондай-ақ, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Биыл облыста кеншілер мен металл өңдеушілерді жеңілдетілген несиелендіру жобасы да қолға алынды. Қаржыны жергілікті билік пен Отбасы банк бөліп отыр.

Серіктестер жаңалықтары