Тікелей эфир

Отандық әуе компанияның бортсерігі 1 млрд теңгеге медициналық өнім жеткізумен айналысқан

Ол 2020-2021 жылдары өзінің туысқаны басқаратын компанияға 1,125 млрд теңгеге медициналық бұйымдар жеткізіп берген.

Алматы облысында сот 1,1 млрд теңгеден астам медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу мәмілелерін жарамсыз деп таныды.

Медициналық бұйымдарды жеткізумен елдегі танымал әуе компаниясының 32 жастағы бортсерігі Махаббат Шәкен айналысқан. Ол 2020-2021 жылдары өзінің туысқаны Бақытгүл Белғожанова басқаратын компанияға аяқ киім, комбинезон, маска, халат және басқа да медициналық бұйымдар жеткізіп берген. Барлық тауарлар бойынша мәміле сомасы 1 млрд 125 млн теңгені құрады. Алайда, Алматы облысының Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бұл келісімдерді жалған және негізсіз деп таныды. Салық органдары бұл операциялар "салық міндеттемелерін барынша азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында" жасалған деп есептеді. Өйткені, жүргізілген талдау негізінде "Абат Мед" ЖШС қызметінде жалған электронды шот-фактура шығару белгісі анықталған.

Салық органдары мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінді.

"Абат Мед" ЖШС-нің қаржы-шаруашылық қызметін талдау көрсеткендей, 2020 жылы кәсіпорын декларацияда 71 млн теңге, ал келесі жылы 1 млрд 866 млн теңге кіріс көрсеткен. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында олардағы жұмысшы саны бір адамды (қордың жалақысы – 42 500 теңге), ал екінші жартыжылдықта – 4 адамды (еңбекақы қоры – 25 мың теңге) құрады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына – 3 қызметкер (еңбекақы қоры – 33 333 теңге) болды. Алайда, сол жылдың екінші тоқсанындағы тағы бір декларацияда жұмысшылар саны 6 адам (еңбекақы қоры – 4 млн 825 мың теңге), үшінші тоқсанда – 6 адам (еңбекақы қоры – 4 млн 997 мың теңге), ал төртінші тоқсанда 5 қызметкер (еңбекақы қоры – 4 млн 259 мың теңге) деп көрсетілген. 1 млрд 924 миллион теңге кіріспен 2021 жылға төленген салық 2 млн 680 мың теңгені құрайды. Салық жүктемесінің коэффициенті – 0 пайыз", – деді сотта Талғар аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері.


Оқи отырыңыз: Дәріханада екпе алуға бола ма: Заңсыз медициналық қызмет көрсеткендер жазаланады


Сонымен қатар мәмілелерде де қызық фактілер анықталған. Атап айқтанда ЖШС бір серіктестерінен 1 млн теңгеге 5 мың бахила сатып алып, 206 мың данасын басқа кәсіпорынға 115 млн теңгеге сатқан. Тағы бір компаниядан 24 млн теңгеге 24 мың комбинезон алып, 227 мың комбинезонды 646 миллион теңгеге сатқан. Сондай-ақ 2 млн теңгеге 195 мың дана үш қабатты маска сатып алынса, 429 дана маска 14 млн теңгеге сатылған. 

Сот Нұри Омарбеков іс материалдарын зерделеп, тараптардың пікірін тыңдаған соң, арызданушы тарапты қанағаттандырды.

"Абат Мед" компаниясында көлік және негізгі құралдар, сақтау қоймалары, тиісті салықтарды төлеу (көлік құралдарына салынатын салық және мүлік салығы) жоқ, басқа елдерден импорт жоқ. "Aбат Mед" ЖШС өнім шығарған жоқ және 2020-2021 жылдарға арналған декларацияда көрсетілген тауар айналымына сәйкес келетін тауар көлемін өндіруі мүмкін емес. Өзара есеп айырысулар объективті түрде ештеңемен расталған жоқ. Бұл жағдай тараптардың осы мәмілелерге тән құқықтық салдарды тудыру ниетінің жоқтығын куәландырады. "Aбат Mед" ЖШС тауар жеткізуші болмаған, сәйкесінше, жауапкерлер арасында салық міндеттемелерін барынша азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған мәмілелер көрсету үшін ғана жасалған", – делінген сот шешімінде.

Айта кетейік, Бақытгүл Белғожановаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ол өзі бас директор болып жұмыс істеген компаниядан ақша жымқырды және заңсыз ақша шығарлы деген күдікке ілінді. Қылмыстық істі Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары