Өскемендік әйел екі жарым жастан асқан қызыма азғындық жасады деп күйеуінің үстінен арыз түсірді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро бағдарламасы.
"Жолдасымның әрекетін естіп, жағамды ұстадым" деген келіншек құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрайды. Ол туған перзентіне арам ойын іске асырған әкесінің қатаң жазаланғанын қалайды.
"Менің қызымның жасы – 2 жас 8 ай. Туған әкесі қызыма сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттер жасаған. Тергеу жүріп жатыр. Үш ай өтті. Менің баламның әлі күнге дейін бәрі есінде. Түнімен ұйықтамайды, шошып оянады. Мен әділдік іздеймін", – деді Өскемен қаласының тұрғыны Айнұр Сүлейменова.
Ол қызын шомылдырмақ болғанда сұмдық жағдайды білдім деп отыр. Шырылдап жылаған бүлдіршін жыныс мүшесінің ауыратынын айтты дейді. Қызынан күмән тудыратын жағдайларды байқаған анасы құқық қорғау органдарына жүгініпті. Артынша дағдарыс орталығының психологтары да бүлдіршінмен тілдесіп, мән-жайды анықтауға кіріскен екен.
Қазір полиция аталған дерек бойынша 36 жастағы азаматты қамауға алған. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
"Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс бойынша мән-жайды толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаментінің ресми өкілі Қарлығаш Жүсіпова.

