Тікелей эфир

Орталық ғылыми кітапхана "Ғылым ордасының" құрамында қалады

Тамара Дүйсенова депутаттардың кітапхананы жеке отау етіп шығару жөніндегі ұсынысына жауап берді.

Бірқатар мәжіліс депутатының "Ғылым ордасының" құрамындағы Орталық ғылыми кітапхананы жеке мекеме етіп шығарып, жеке кітапхана мәртебесін беру туралы ұсынысына Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді. 

Оның айтуынша, кітапхана ғылым, өндіріс, білім беру және мемлекеттік басқару салаларындағы ғылыми мекемелермен тығыз байланыста бола отырып, әлемдік жетістіктерді насихаттайтын, жарияланбаған құжаттар қорын қалыптастырады. Қолжазбаларды ғылыми сипаттау және ақпараттық-кітапханалық процестерді автоматтандыру саласында зерттеу және әдістемелік жұмыстарды үздіксіз жүргізеді. 

"Осыған байланысты, кітапхана ғылыми қызметті дамытудың негізгі факторларының бірі екенін ескере отырып, оны Ғылым ордасының құрамында қалдыру маңызды деп санаймыз", – деді Тамара Дүйсенова. 

Премьер-министрдің орынбасары, сондай-ақ, 2025 жылға дейін азаматтық қызметшілердің жалақысы 20%-дан 100%-ға дейін көтерілетін де еске салды. 

"Өз кезегінде 2022-2023 жылдары кітапханашылардың жалақысы 20 %-ға көтеріліп, бүгінге олардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды", – деді Тамара Дүйсенова. 

Еске салайық, бұған дейін депутаттар Орталық ғылыми кітапхананы Ұлттық ғылым академиясының құрамына кіргізуді ұсынған болатын. Алайда, бұл ұсыныс та қолдау таппаған. 


Оқи отырыңыз: Орталық ғылыми кітапхана ҰҒА құрамына берілмейді


 

Серіктестер жаңалықтары