ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды қасиетті Ережеп айының басталуымен құттықтады, деп хабарлады діни басқарманың баспасөз қызметі.
"Құран Кәрімде: "Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)", – делінген ("Маида" сүресі, 97-аят). Ражаб (Ережеп) айы – Алла Тағаланың соғысуға, қан төгуге тыйым салған (Зұлқағда, Зұлхижжа, Мұхаррам, Ражаб) айларының бірі", – деді бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлының түсіндіруінше, Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады.
"Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айында ораза тұтқан. Сахабалар Ережеп айы басталғанда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтқанын көріп, енді ауыз ашпаса керек, ал аузы ашық жүргенде, ораза тұтпаса керек деп ойлаған. Дегенмен, Ережеп айында ораза тұту, тұтпау – әркімнің өз еркі. Ораза тұтқан адамның оны айтып мақтануы, ораза тұтпаған адамды жазғыру дұрыс емес", – деді ҚМДБ төрағасы.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ 2025 жылғы діни күндер кестесін бекітті. Ораза 1 наурыздан басталады