Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Бағдат Мусин осындай орталықтардың жұмысына мемлекеттен қолдау болатынын айтты. Министр алдымен 150 оқушыға арналған хаб жұмысымен танысты. Басты мақсат – дарынды оқушылардың инновациялық жобаларына қолдау көрсету.
Jaiq IT-Hub орталығы алыс аудандардағы дарынды балаларға қолдау көрсетіп, олардың инновациялық жобаларын дамытуға мүмкіндік жасайды.
"Работатехника бұл қазіргі заманның талабы. Мұндай орталықтарды көбейту арқылы ғылымның дамуына үлес қосамыз. Мысалы талантты жас ғалымдардың жобасын дамыту арқылы ғылымға қажет дүниені ойлап табуға болады. Басталған жобаны аяқсыз қалдыруға болмайды. Өздеріңіз білесіздер қазіргі уақытта өмірдің жеңілдеуі түрлі техникаларды ойлап табудың арқасында жеткен жетістік. Сондықтан қолдау бар. Енді іске сәт", – деген министр Бағдат Мусин орталық арқылы еліміздің және шетелдің мамандарымен онлайн байланыс орнатылғанын айтты.
Еліміздің бірқатар қалаларында осындай орталықтар жұмыс жасайды. Нәтижесінде шетелдік ғалымдардан білім алған өрендер түрлі жетістіктерге жетіп, биіктен көрініп жүр.
"Басында бұл мен үшін хобби болды. Қазір өмірімнің бөлшегі. Алдарыңызда көрсеткен жаңа жобамыз. Біздің роботымыз 15 миссияны орындай алады. Әр миссияны орындаған сайын ұпай алады", – деп өз жобасын таныстырды жас ғалым Әли-Ислам Құрманғалиев.
"Астана хаб" пен "Қаз инновация" арқылы оқытулар жүргізіледі. Бізде 100-ге жуық орын қарастырылған. Оқу тегін. IT мамандар да дайындалады", – деді Jaiq IT-Hub орталығының директоры Қайсар Есенғалиев.
Әзірге бұл орталықта 150 өреннің тың жобасына қолдау көрсетілмек. Қажет қаражат мемлекеттен бөлінетін көрінеді. 4 кәсіби маман жұмыс жасайды. Сондай-ақ мұнда технологиялық, кәсіпкерлік бағдарламалар мен IT-кәсіпкерлер, сату, стратегия және маркетинг туралы кеңестер де беріледі.