Бүгінгі форум аясындағы сессия тақырыбы осыған саяды. БАҚ әлеуметтік мәселені көбірек қаузап, үкіметтік емес ұйымдар жұмысы танылса деген пікірлер айтылды.
"ҮЕҰ журналистердің көзімен, неліктен бұқаралық ақпарат құралдары ҮЕҰ туралы жазбайды? Оларға қандай ақпарат жетіспейді? ҮЕҰ ақпараттық ілгерілету үшін қажет заманауи, маңызды құзыреттер. Журналистер мен ҮЕҰ ақпараттық серіктестік пе, текетірес пе?" Осы тақырыптарға диалог түрінде екі тарап, жауап қатып, өз ойларын ортаға салды.
"Үкіметтік емес ұйымдар қартайып барады. Біз осыдан 10 жыл бұрын жұмысты жас болып бастадық. Ал сапқа жаңа жастар құрған үкіметтік емес ұйымдар қосылған жоқ. Неліктен? Себебі үкіметтік емес ұйым жұмысын жүргізу оңай емес. Жаңадан ашылғандар көп ұзамай қайтадан жабылып қалып жатыр. Кедергі көп. Өз қызметкерлеріне жалақы төлей алмай қалады тіпті. Жобаларын қорғап, өміршең бола алмайды. Себебі бізге қолдау аз. БАҚ біз туралы жазғанда статистикалық мәліметке ғана жүгінбей, шын мәнінде қандай жұмыс жасалғанын, оның нәтижесін көрсетсе деген өтініш бар. Алдын ала ескертусіз келіп, ұйымның шынайы жұмысына көз жеткізу керек деп ойлаймын. Сонда ғана қандай іс атқарып жүргені белгілі болар еді", – деді "Интеграл" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева.
"Арба тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүгедек-азаматтарды қолдау қоғамы" ҚБ-нің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Батпақұлова бірнеше жыл бұрын өзінің жазатайым жағдайға тап болғанын, осы ұйымның сол кезде қалай ашылғанын айтып, қиындықтармен күреске жастарды шыдамды болуға шақырды. Оның ұйым тарихы туралы айтқан әңгімесі отырғандарды бей-жай қалдырмады. Алғашқыда мүгедек жандардың басын қосуды көздеген бірлестік бүгінде үлкен мәселелерді көтеріп, шешуге үлес қосып жүр.
Қазіргі кезде БҚО-да 700 үкіметтік емес ұйым болса, олардың арасында саусақпен санарлығы ғана белсенді жұмыс атқарып отыр. Сессия отырысына өзге облыстардан келген қонақтар да қатысқан болатын. Атырау облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова мұнайлы өлкеде де жағдай тап осындай екенін мәлімдеді. 600 ұйым болса, оның тек 200-і белсенді қызмет атқарып отыр екен.
БҚО ҚХА "Журналистер клубының" төрағасы Асыланбек Ғұбашев БАҚ-пен жұмыстың әлсіздігін алға тартып, үкіметтік емес ұйымдарды өз жұмыстарына деген халықтың, журналистердің қызығушылығын оятуы үшін елді елең еткізер, әрі пайдалы істер жасауға шақырды. Бір сарынды есептік кездесулер немесе мемлекеттік тапсырыс аясында орындалатын жаттанды, іш пыстырарлық жиындар телекөрерменге де, оқырманға да қызық емес. Сондықтан бұл істе жаңашылдық лебі есіп тұруы керек деген пікір білдірді.
Бұл орайда санда бар, сапада жоқ үкіметтік емес ұйымдар болмас үшін мемлекеттік сатып алу заңына өзгеріс енгізу керек. Өңірдің жобасына осы облыс аймағындағы ұйым ғана қатыссын деген ұсыныстар көтерілді. Бұл салада қандай қиындықтар, кедергілер бар? Неліктен оның шешімі табылмай келеді? Бұған ұйымдар өз тараптарынан үн қосуы керек дейді форумға қатысушылар.
БАҚ пен ҮЕҰ қоян-қолтық жұмыс жасауы жолында қандай тетіктер қажет, осы мақсатта қоғамдық бірлестік өкілдері неге дайын болуы керек? Олардың кемшілігі қандай? Осындай сұрақтарға жауап берген тілшілер қауымы бірлесе жұмыс жасауға, ынтымақтастықты арттыруға дайынбыз деп тарқасты.