Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы оқушы қыздардың мектепте орамал тағу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.
Діни басқарманың ұстанымында білім алу да, орамал тағу да мұсылман қыз бала үшін парыз. Алайда, шариғат балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді.
"Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз. Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда, шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек", – делінген мүфтияттың мәлімдемесінде.
Бұл орайда, ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты өкілеттік мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар бергенін хабарлады.
"Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз", – деді ҚМДБ өкілдері.
Еске салайық, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеде қазақстандықтардың бәрі заңға бағынуы керектігін айтқан болатын. Ол 2016 жылы мектепте оқитын оқушылардың бірыңғай формасына қатысты бұйрық бекітілгенін алға тартып, "Ол бұйрық өзгерген жоқ. Сондықтан оқушылар мектепке мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалады. Бұл бағытта ешқандай өзгеріс жоқ. Барлығы заң аясында және балалар мектепке белгіленген тәртіппен келуі керек" деген болатын.
Оқи отырыңыз: Ғани Бейсембаев мектепке хиджаб киіп келу туралы: Бәріміз заңға бағынуымыз керек
16.22. Материал толықтырылды
Бұл мәселеге қатысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді. Ол Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейтінін атап өтті.
"Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да, мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", – деді Аида Балаева.