Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлек, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
"Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады. Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді", – делінген ресми хабарламада.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.
Мемлекет 450 мыңға жуық бала мектепке дайындауды өз мойнына алды
Биыл талапкерлердің 60 пайызы тегін білім алады. 75 мың грант қалай үлестіріледі