Жануарларға арналған панажай құрылысының нормативтерін белгілеу мақсатында өнім алынбайтын жануарларды уақытша ұстау бойынша көрсетілетін қызмет стандарты әзірленіп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Роман Склярға "Аманат" партиясының фракция мүшелері жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнамаға сәйкес өзгеріс енгізуге байланысты сауал жолдаған болатын.
Жергілікті бюджеттен жануарларды аулауға, зарарсыздандыруға, вакцинациялауға, жансыздандыруға және есепке алуға биыл 2,6 млрд теңге бөлінді. Алайда осы мәселе бойынша өңірлерде панажайлар мен уақытша ұстау пункттерінің жеткіліксіздігі байқалады.
"Осыған орай қазіргі уақытта жеке ветеринариялық клиникалар үшін қаржы бөлуді қамтамасыз ету, жер учаскелерін бөлу және уақытша ұстау пункттері мен панажайлар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, жануарларға арналған баспана құрылысының нормативтерін белгілеу мақсатында өнім алынбайтын жануарларды уақытша ұстау бойынша қызмет стандарты әзірленуде", – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, заңның 15-бабына сәйкес, жануарлар адамға шабуыл жасағанда немесе өміріне, денсаулығына қауіп төндірген кезде оларды жансыздандыруға рұқсат берілген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай жануарларды үйде ұстауға болмайды?