Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
"Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын", – деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Үкімет бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеуде
Үкімет басшысы мәселені қарау қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
"Барлық іс-шара жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуға тиіс. Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды", – деді Олжас Бектенов.