Астанада мас күйде көлік жүргізіп, 3 жол-көлік оқиғасын жасаған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов енді сот шешімімен 7 жыл көлік жүргізе алмайды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасынан белгілі болды.
Сот мәліметінше, ол көлігімен жол ережесін бұза отырып, жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған, одан әрі басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылады. Әрі қарай көлік Kia Sportage және Toyota Hilux көліктерімен соқтығысады.
"Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым келтіріліп, материалдық шығын келтірілген. Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды", – делінген хабарламада.
Данияр Елеусінов сот отырысында өз кінәсін толық мойындаған. Оның әрекеті Әкімшілік кодекстің 608-бабының 3-бөлігі бойынша қаралса, бұл бап 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді. Сәйкесінше сот Данияр Елеусіновке дәл осындай жаза түрлерін тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы хабар тарады. Полиция не дейді