Тікелей эфир

Нұрсұлтандар азайып, Қасым-Жомарттар көбейген. Қазақстан президенттерімен аттас қанша адам бар?

Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевпен аттас 900-дей азамат, ал Нұрсұлтан Назарбаевпен аттас 40 мыңдай адам тұрады.

Информбюро порталы Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен аттас қанша азамат тұратынын анықтады. Инфографиканы әзірлеген кезде 35 жасқа толмаған, яғни 1989-1990 жылдан бері дүниеге келген ұлты қазақ ер азаматтардың статистикасы есепке алынды.

Қазақстанда қазіргі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен аттас 899 адам бар. Қосарланған ат болғаннан кейін бірнеше нұсқаны алдық:

  • Қасым-Жомарт – 177;
  • Касым-Жомарт – 10;
  • Қасымжомарт – 661;
  • Касымжомарт – 51.

Ескерту: Әр жастағы адам санын көру үшін диаграммадағы бағандардың үстіне тінтуірді апарыңыз. 

1989-1993 жылдары туған азаматтар арасында Қасым-Жомарт есімі мүлдем ұшыраспайды. Қазір төрт жастағы балалар Қасым-Жомарт есімін иеленгендердің көшін бастап тұр. Олардың саны – 71. Шамамен 2020-2021 жылдары дүниеге келген.

Қазақстанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен аттас 40 048 адам бар. Статистика үшін екі нұсқаны алдық:

  • Нұрсұлтан – 24 469;
  • Нурсултан – 15 579.

Ал Нұрсұлтан есіміне келсек, бұл ат 1990 жылдан бастап мыңдаған балаға қойылған. Қазақстан тәуелсіздік алып, әрі Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті атанған тұста халық баласын Нұрсұлтан деп атады. Бұл атты көбірек иемденгендер – 32 жастағы Нұрсұлтандар (3822 адам). 2018-2019 жылдары Нұрсұлтандар қатары азайған. Бұл Назарабевтың президенттіктен кетуімен тұспа-тұс келеді. Бес жасар 480 ер балаға Нұрсұлтан есімі берілсе, төрт жасар Нұрсұлтандардың саны олардан екі есе аз – 236 бала. 

Еске салайық, 2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатқан болатын. 

Ұлттық статистика бюросының сайтында "Мен сияқты неше адам бар?" деген құрал бар. Есімін, жасын, жынысын және ұлтын таңдап, аттас қанша адам бар екенін анықтауға болады. 

Серіктестер жаңалықтары