Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент полициясының басшылығы қызметінен босатылды

Нұрлан Алмасбеков / Фото: Шымкент ПД
Нұрлан Алмасбеков / Фото: Шымкент ПД
Шымкент ПД бастығы мен бірінші орынбасары қызметінен кетті.

21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Қазіргі уақытта ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның туыстарының өтінішін Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің тиісті деңгейде қарамауына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс аясында барлық мән-жай жан-жақты тексеріледі. Тергеу нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар аталған оқиғаға байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тәртіптік шаралар қабылданған.

"Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды", – деп хабарлады ІІМ.

Ведомство кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелу барысын өз бақылауына алған. Тергеудің объективті әрі толық жүргізілуі үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің ісіне құқықтық баға беруді тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары