Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың оқиғасына қатысты пікір білдірді.
"Осы жағдайға байланысты 130-дан астам өтініш түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өліміне әкеліп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз. Бұл ұлтмыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Осындай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды", – деді президент.
Мемлекет басшысы жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келе жатқанын айтты және заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы маңызды екенін атап өтті.
"Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс", – деді президент.
Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Еске салсақ, алғашқы құрылтай Ұлытауда өтті. Екінші жиын түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістанда ұйымдастырылды. Үшінші құрылтай Атырау облысында, төртіншісі құрылтай Бурабайда өтті.
USD:
506.1 / 509.1
EUR:
592.5 / 596.5
RUB:
6.43 / 6.55