USD: 468.7 / 471.1
  • EUR: 535.5 / 540.5
  • RUB: 5.65 / 5.77
Тікелей эфир
Алматы +33C
Все города

Нұрай Серікбайдың өлімі: жәбірленуші және айыпталушы тараптың адвокаттары сотта сөз сөйледі

Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөзден алынды
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан болатын.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Сот отырысында жәбірленуші және айыпталушы тараптың адвокаттары сөз сөйледі. Айыпталушының қорғаушысы сот процесін ашық өткізуге, сондай-ақ фото және бейнетүсірілім жасауға қарсылық білдірді. Сонымен қатар ол істі алқабилердің қатысуымен қарауға келіспейтінін мәлімдеді.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров сот отырысын ашық өткізіп, процесті тікелей эфирде көрсетуді сұрады. Ол қылмыстың қоғамда кең резонанс тудырғанын атап өтті. Тергеу материалдарына сәйкес, марқұм Нұрай Серікбай ұзақ уақыт бойы аңдуға, қорқытуға, психологиялық қысымға және некеге тұруға мәжбүрлеуге ұшыраған.

"Құқық қорғау органдары қажетті шараларды уақытында қабылдамағандықтан, адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдай болды. Бұл іс қоғам үшін бір адамның тағдырына ғана қатысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру, жеке қауіпсіздік құқықтарын қорғау және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындауы мәселелеріне қатысты маңызды құқықтық мәнге ие", – деді Аянхан Омаров.

Ол БАҚ өкілдерінің қатысуы мен сот процесінің ашық өтуі сотқа қысым жасамайтынын, керісінше істің әділ әрі ашық қаралуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, қызбен таныс болған 28 жастағы Шерхан Аймахан оны дүкен маңында аңдып тұрып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткенімен, көп ұзамай қаладан шамамен 10 шақырым жерден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қоғамдық резонанс туындағаннан кейін Президенттің тапсырмасымен Шымкент полиция қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізілді. Кейін қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды.

Сонымен қатар тергеу органдары Нұрай Серікбайдың некеге тұруға мәжбүрлеу туралы арызынан кейін қажетті шараларды қабылдамаған полиция қызметкерлерінің салғырттығына қатысты жеке қылмыстық іс қозғады.

Кейін Шерхан Аймаханға тағылған айып адам өлтіру туралы бапқа, атап айтқанда ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабына қайта сараланды. Сонымен қатар іс бойынша сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері де тергелді. Тағылған айыптар бойынша ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Сот-психиатриялық сараптама айыпталушыны ақыл-есі дұрыс деп таныды. Тергеу 12 маусымда аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды.

 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау