Тікелей эфир

Несие беретін ұйымдар жарнамада пайыздық мөлшерлемесін көрсетуге міндеттеледі

Жарнамада қарыздың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, жоғарғы және төменгі диапазоны нақты жазылуға тиіс.

Бұдан былай банктер мен микроқаржылық ұйымдар ұсынатын несиесін көпшілікке түсінікті тілде жарнамалауға міндеттелуі мүмкін. Яғни, жарнамада қарыздың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, жоғарғы және төменгі диапазоны нақты жазылуға тиіс, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бастысы, берешек бойынша артық төлем сомасы көрсетілуі қажет. Төлемді кешіктерген тұтынушылар қандай жауапкершілікке тартылуы ықтимал екендігі де назардан тыс қалмауы керек.

Қазір қаржы нарығын реттеу агенттігі қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтып, құқығын қорғауға бағытталған бірқатар бастама көтеріп жатыр.

Енді банктер жарнамасында қарыздың жылдық тиімді сыйақы ставкасын ашық жазуға міндеттелмек. Демек, тұтынушы қаржы ұйымымен келісімшартқа отырмас бұрын қарызды неше пайызбен алып жатқанын білуі шарт. Сондай-ақ, банктік берешек бойынша артық төлем сомасы да нақты көрсетілуі тиіс. Былайша айтқанда, несие беру тәртібін түсінікті тілде жазуы керек.


Оқи отырыңыз: Несие бойынша төлемдер қарыз алушы табысының 50%-нан аспауы тиіс. Мұны МҚҰ мен банктер тексереді


Сарапшылар бұл талап несие үстіне несие алатындар санын азайтпатынын айтуда.

"Алғашқы несиеге енді алып, енді үйреніп жатқан азаматтар, бәлкім, тойтарылады. Бір рет несие алдыңыз ба – бітті. Сіз одан құтыла алмайсыз. Ол да бір тәуелділіктің бір түрі. Банктердің қарызды жарнамалау кезіндегі ашықтығы тұтынушының ақпаратты толық әрі дұрыс қабылдауына ықпал етпек. Сәйкесінше, жарнамада "1 пайыздан 56 пайызға дейін" деген секілді жалпылама мәлімет жазылмайды. Ал әрі қарай нақты төлем сомасын көрген адам несие ала ма, жоқ па – оны өзі шешеді", – деді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.

Серіктестер жаңалықтары